Шаңырақ – шаттық мекені
Наурыз мейрамы қарсаңында 17 наурыз күні мектеп қабырғасында ата-аналармен ерекше кездесу өтті. Іс-шара “Шаңырақ – шаттық мекені” тақырыбында ұйымдастырылып, оған 8”Б” және 8”В” сынып оқушылары мен ата-аналары қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту және ата-аналар мен балалар арасындағы сыйластықты арттыру болды. Шара барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері, ұлттық ойындары мен ән-күйі насихатталды.
Жиынның шымылдығы жылы лебіздер мен құттықтаулардан басталды. Мұғалімдер мен оқушылар Наурыз мерекесінің мән-мағынасына тоқталып, “Шаңырақ” ұғымының қазақ халқы үшін қасиетті екендігін атап өтті. Ата-аналар өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, отбасы құндылықтары жайлы ойларын ортаға салды.Сонымен қатар, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, ата-аналар мен оқушылар өзара сайысқа түсті. Әсіресе, арқан тарту, асық ату, қол күресі сияқты ойындар көпшіліктің қызығушылығын оятты. Оқушылар қазақтың қара домбырасымен ән шырқап, би билеп, ұлттық өнерімізді дәріптеді.
Шара соңында ата-аналар мен ұстаздар осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, мектеп ұжымы мен оқушыларға алғыстарын білдірді. “Шаңырақ – шаттық мекені” атты кездесу барша қатысушыларға жылы әсер қалдырып, Наурыз мейрамының шынайы рухын сезінуге мүмкіндік берді. Бұл кездесудің берер тағылымы мол болды. Ол тек мерекелік жиын ғана емес, рухани құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған маңызды шара ретінде есте қалды.
