Мектепке бейімделу
1-сынып оқушылары үшін мектепке алғаш қадам басу – өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Осыған байланысты ата-аналарға баланың бейімделу ерекшеліктерін түсіндіру мақсатында мектепте «Жас ерекшеліктері мен алаңдаушылық белгілері. Мектепке бейімделу дегеніміз не?» тақырыбында ата-аналар жиналысы өткізілді.
Жиналыс барысында мектеп психологы мен сынып жетекшісі ата-аналарға 6–7 жастағы балалардың психологиялық, физиологиялық даму ерекшеліктері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, бейімделу кезеңінде жиі кездесетін алаңдаушылық белгілері аталып өтті. Мысалы, кейбір балалардың сабаққа қызығушылығы төмендеуі, тез шаршағыштық, мінез-құлықтағы өзгерістер немесе жаңа ортаға үйрену барысында пайда болатын қобалжу сезімдері.
Мектепке бейімделу – баланың жаңа әлеуметтік ортаға, оқу үдерісіне, күн тәртібіне және мұғаліммен қарым-қатынасқа үйрену кезеңі екенін мамандар түсіндірді. Бұл үдерістің ұзақтығы әр балада әртүрлі: кейбіреулеріне бірнеше апта жеткілікті болса, енді біреулеріне толық үйрену үшін бірнеше ай қажет болуы мүмкін.
Ата-аналарға баланың мектепке сәтті бейімделуіне көмектесетін нақты ұсыныстар берілді:
күн тәртібін дұрыс ұйымдастыру;
балаға қолдау көрсету, жетістігін мадақтау;
мұғаліммен тығыз байланыста болу;
баланың психологиялық жай-күйіне назар аудару.
Жиналыс соңында ата-аналар өз ойларымен бөлісіп, сұрақтарына жауап алды. Мұндай кездесулер ата-аналарға баласының жас ерекшеліктерін дұрыс түсініп, мектеп өміріне жеңіл бейімделуіне қолдау көрсетуге көмектеседі.
