Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті кездесу
Мектебімізде кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға мамандық таңдауда көмек көрсету, жоғары оқу орнына түсу шарттарын түсіндіру және болашақ кәсіби бағдарын айқындауға қолдау білдіру.
Кездесуді кәсіби бағдар беруші Баяндинова У.Д. ұйымдастырып, оқушыларға университеттің білім беру бағдарламалары, факультеттері мен мамандықтары туралы жан-жақты ақпарат берді. Университет өкілдері оқу шарттары, гранттық мүмкіндіктер, жатақхана жағдайы, дуальді білім беру жүйесі және студенттік өмір туралы маңызды мәліметтермен бөлісті.
Оқушылар университетке түсу талаптары, ЕНТ пәндері бойынша қажетті балл деңгейі және шығармашылық емтихандар туралы сұрақтар қойып, мамандардан нақты жауап алды. Сондай-ақ, университет түлектерінің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен практикадан өту жүйесі туралы ақпарат ұсынылды.
Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған мамандықтар туралы кеңестер алып, болашақ мамандықтарын таңдауға бағыт алды. Бұл іс-шара түлектерге саналы таңдау жасауға көмектесіп, олардың кәсіби дамуына оң әсерін тигізді.
