20
декабрь
2025
2026 жылғы ЕНТ: Январь айында өтетін тестке тіркеу басталады
22 декабрьда январь айында өтетін ЕНТ-ға тіркеу басталады. 2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз сақталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Январь айында өтетін ЕНТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 22 декабрьда басталып, 30 декабрьға дейін жалғасады. ЕНТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10 январь мен 10 февраль аралығында өтеді.
Естеріңізге сала кетсек, январьдағы ЕНТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ЕНТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық білім беру бағдарламаларының топтарынан ақылы негізде басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған ҚР азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
Өтініш беру барысында қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
ЕНТ құрылымы бұрынғы қалпында қалады: талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ЕНТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Читательская грамотность» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ЕНТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді және 140 балды құрайды, — деп жазылған Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.
Айта кету керек, биыл Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлердің жеке архетипін ескере отырып, Қазақстанның оқу орындарындағы лайықты мамандық пен білім беру бағдарламасын таңдауға көмектесетін edunavigator.kz кәсіби бағдар беру платформасын іске қосты. Платформа болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік беріп, жоғары оқу орындарына түсу кезінде сенімділікті арттырады.
ЕНТ-ға дайындық сапасын арттыру мақсатында байқау сынақтары іске қосылды. Оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында талапкерлерге арналған көмекші материалдар жарияланды. Атап айтқанда, ұсынылатын әдебиеттер тізімі, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 негізгі тарихи датаның тізімі, «Информатика» пәні бойынша терминдер тізімі, сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндері бойынша міндетті әдеби шығармалардың тізбесі ұсынылды, — делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар тестілеу бағдарламасында барлық талапкер үшін калькулятор, химиялық элементтердің периодтық кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
2026 жылғы ЕНТ: Январь айында өтетін тестке тіркеу басталады


